«Қорғас» ШЫХО АЭА БК» АҚ өкілдері Үрімші қаласында өткен «Қытай – Еуразия» халықаралық көрмесіне қатысты.

Көрме аясында шетелдік бизнес өкілдеріне «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті таныстырылды.

Іс-шара қатысушыларына АЭА-ның инвестициялық мүмкіндіктері, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары, шекара маңы ынтымақтастығының артықшылықтары және бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары ұсынылды.

Презентацияға China Machinery, China Power Energy компанияларының өкілдері, сондай-ақ Түркияның жетекші кондитерлік өнім өндірушілерінің бірі – Ülker компаниясы ерекше қызығушылық танытты.

Кездесулер барысында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылып, өзара тиімді серіктестіктің перспективалы бағыттары талқыланды.

Осындай деңгейдегі халықаралық көрмелерге қатысу іскерлік байланыстарды нығайтуға, «Қорғас» ШЫХО арнайы экономикалық аймағының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға, серіктестік желісін кеңейтуге және арнайы экономикалық аймақ аумағында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды тартуға ықпал етеді.