2026 жылғы 19 қарашада Басқарушы компания Жетісу облысының туристік ақпараттық орталығымен бірлесіп, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына ақпараттық тур ұйымдастырды.
Іс-шараға Шымкент және Тараз қалаларының туристік ақпараттық орталықтарының, Талдықорған мен Алматы қалаларының туристік компанияларының өкілдері, сондай-ақ «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатауы» ұлттық парктерінің өкілдері қатысты.
Турдың мақсаты — қатысушыларды Орталықтың қызметімен, туристік инфрақұрылымымен және көрікті орындарымен таныстыру, сондай-ақ туризмді дамыту және «Қорғас» ШЫХО-ны туристік бағыт ретінде ілгерілету мүмкіндіктерін талқылау.
Қонақтар Қытай мәдени орталығы мен музейін, Қытайдың сауықтыру орталығын, армян павильонын және сауда үйлерін аралады. Сауда кешендерінде Қытайда өндірілген өнімдер ұсынылатын 2 500-ден астам дүкен бар. Қатысушыларға Орталыққа келген туристерге жайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін қонақүй кешендері туралы да ақпарат берілді.
Ақпараттық тур «Қорғас» ШЫХО аумағында мәдени, гастрономиялық және шопинг-туризмді дамытуға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Мұндай кездесулер туристік сала өкілдеріне Орталықтың мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға және жаңа туристік маршруттарды әзірлеу бағытында ынтымақтастық орнатуға жол ашады.



