2026 жылғы 22 қазанда Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі IX дөңгелек үстелі — Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) өтті. Форумға әлемнің 40-тан астам елінен халықаралық компаниялардың, инвесторлар мен іскерлік қауымдастық өкілдерінің 500-ден астамы қатысты.

Биылғы форумның тақырыбы — «Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі». Қатысушылар шетелдік инвестицияларды тарту, өнеркәсіпті, цифрлық экономиканы, энергетика мен көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Форум аясында басқарушы компания өкілдері шетелдік инвесторларды «Қорғас» ШЫХО АЭА-ның мүмкіндіктерімен және мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. АЭА-ның Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасуы және ЕАЭО-ның 180 миллионнан астам тұтынушысы бар нарығына шығу әлеуеті атап өтілді.

Шетелдік инвесторлар «Қорғас» ШЫХО АЭА-ға жұмыс сапарымен келіп, өңірдің инфрақұрылымы мен инвестициялық жобаларымен танысуға шақырылды.