«Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында Қазақстан мен Қытайдың жыл сайынғы халықаралық балалар достық фестивалі өтті.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының жас өкілдерін біріктірген дәстүрлі халықаралық балалар достық фестивалі өтті.

Фестивальдің басты мақсаты – екі елдің жас ұрпағы арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, өзара түсіністік пен мәдени алмасуды ілгерілету.

Қазақстан тарапынан фестивальге еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген 45 бала қатысты. Қытай тарапынан Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданынан келген балалар қатысып, өз өнерлері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Іс-шара барысында қатысушылар мәдени бағдарламаларға қатысып, екі елдің салт-дәстүрі мен мәдениетімен танысып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

Осындай халықаралық іс-шаралар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға және халықаралық деңгейдегі таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар фестиваль Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, жас ұрпақ арасында достық, өзара құрмет және тату көршілік қағидаттарын қалыптастыруға өз үлесін қосады.