Қытаймен сауда жасаушыларға «Қорғас» арқылы тез өту жайы қарастырылуда

This post is also available in: RU

Қытаймен шекарадағы «Қорғас» ынтымақтастық орталығының әкімшілігі нысанның жабық тұрғанын тиімді пайдаланып жатқан сыңайлы.

Карантин кезеңінде жүргізілген жөндеу жұмыстарынан бөлек, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында келушілерге қосымша қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жаңашылдықтар енгізілуде деп хабарлайды QazPulse тілшісі.

Солардың ішінде билет рәсімдеу мен багажды берудің электронды сипатын, сондай-ақ алдағы уақытта пайдалануға берілмек «Бизнес терминалды» атап өткен жөн. «Бизнес-терминал» арқылы келушілерге паспорттық және кедендік бақылауды жалпыға белгіленген тәртіпте немесе қолайлы жағдайда өту таңдауы ұсынылмақ.

Таяуда, орталықта, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, ҚР қаржы министрінің орынбасары Руслан Еңсебаев, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен Бисақаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев және Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев, сондай-ақ мемлекеттік органдар, қауымдастықтар өкілдері қатысқан ведомствоаралық кеңестің кеңейтілген жиналысы өтті.

Жиын арнайы экономикалық аймақ аумағындағы нысандардың жұмысы, инфрақұрылымының жағдайымен танысу, терминалдардың келушілер мен туристерді қабылдауға дайындығын тексеру мақсатында ұйымдастырылды.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы құрылғаннан бастап үлкен жұмыс атқарылды. Дегенмен әлі де талай шаруа бар. Бүгін бар мәселелер мен міндеттерді айқындау, сондай-ақ бірлескен, мақұлданған іс-әрекеттерді пысықтау үшін жиналдық», – деп күнтәртібін белгіледі «Қорғас» ШЫХО басқарма төрағасы Дінмұхамед Әбсаттаров.

Мәжіліс барысында қатысушыларға «Қорғас» ШЫХО» АЭА даму стратегиясы таныстырылды. Стратегия бірінші кезекте туристік және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған, бұл жайт қызмет және тауарлар экспортын дамытуға мультипликативті әсер береді. Екінші кезекте «Қорғас» ШЫХО» АҚ-ның клиентке бағдарланған компания ретіндегі қалыптасуына мән берілген, үшіншіден инженерлік инфрақұрылымға екпін жасалған.

«Барлық әріптестеріме алғыс білдіре отырып, міндеттердің бір бөлігі іске асып жатқанын айтқым келеді. Біз инвестицияларды қалай тартуға болатынын кешенді түрде көріп отырмыз, елшіліктер, сауда өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп, көмек берудеміз. Отандық даму институттарымен келісімшарттар жасау жоспарда. Әркімнің жеке сегменті бар, олар серіктестерді және сәйкесінше инвестордарды тарта алады», – деп атап өтті «Қорғас» ШЫХО басқарма төрағасы.

Меню